Вандалдар аялдаманың әйнегін сындырып, электр жүйесіне зақым келтірген. Шымкентте жарықтандырылған аялдамаларға қасақана зиян келтіру фактілері тіркелді.
Шымкент қаласында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы жаңа бастама іске қосылған болатын. Оның нәтижесінде өткен жылы 600, ал биыл қосымша 752 аялдама павильоны жарықтандырылып, атаулары орнатылды. Алайда соңғы уақытта осы аялдамалардың жарық желілерін қырқу және ортақ мүлікке зиян келтіру секілді вандализм фактілері жиілеп отыр.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Жыл басынан бері 175 аялдаманың жарық шамдары зақымдалып, тоқ көзінен ажыратылған. Қазіргі уақытта олардың барлығы қайта қалпына келтірілгенімен, 70 аялдаманың электр желісіне зиян келтіру фактілері әлі де тоқтамай тұр. Бүгінде барлық тіркелген деректер бойынша материалдар жинақталып, тәртіп бұзушыларды анықтау және заң аясында шара қолдану үшін Полиция департаментіне жолданды. Қоғамдық орындар – барлығымызға ортақ кеңістік. Сондықтан әрқайсыңызды қала мүлкін қорғауға, оны сақтауға және вандализмге жол бермеуге шақырамыз.