Ми тамырына стент қою операциясын енді аудандық аурухананың хирургтері де жүргізе алады. Нақтыласақ, Ордабасы ауданының дәрігерлері алғаш рет осындай күрделі операцияны жасап шықты. Сөйтіп, қан айналымы нашарлаған науқасты инсульттен сақтап қалған. Әрине, бұл - үлкен қаладағы ғылыми орталықтар үшін әдеттегі операция болуы мүмкін. Бірақ аудандық аурухана үшін үлкен жетістік. Тақырыпты тілші тарқатсын.


 Гүлсім әжей қан қысымымен есепте тұрған науқас. Оның үстіне соңғы уақытта тынысы тарылып, тіпті жүріп-тұруы қиындаған. Ауруы асқынған соң үйдегілер оны шұғыл ауруханаға жеткізген. Тексеру кезінде мидағы қан тамырларының бітелгені анықталған. Сондықтан шұғыл операция жасауға шешім қабылданған.


ГҮЛСІМ ҚАЛДАУЛЕТ, НАУҚАС

– Қан тамырларың біткен деп маған диагноз қойып, осылай жасалатынын айтты. Сол күні жасады — мойын тамырларыма, ми тамырыма стент қойды. Операциядан кейін жақсымын. Көңіл күйім өте жақсы. Кеше біраз құлағым ауырып еді, оны да дәрігер көріп, дер кезінде уколдарын салып тоқтатты. Бүгін өте жақсы ұйықтап тұрдым.


 Дәрігер Абай Додай осыдан бір жыл бұрын Астанадан ауысып келген. Енді, міне, үйреніп келген тәжірибесін осы жерде қолданып жүр. Қазір ол басқаратын неврология орталығына «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3D форматтағы ангиографиялық рентген аппараты берілген. Құрылғы бітелген қан тамырларын анықтап, дерттің алдын алуға мүмкіндік береді. Міне, соның арқасында дәрігерлер миға стент қою операциясын жасап шыққан.


 АБАЙ ДОДАЙ, НЕВРОЛОГ-ДӘРІГЕР

– Мидың ішіндегі тамырлардың арасына стент қою арқылы инсульттің алдын алуға, баллонопластикалық операцияларды өткіземіз. Сонымен қоса, бөлімімізде нейрохирургиялық та оталар жасалады. Ол жерде, яғни науқастарымыздың басында геморрагиялық қан құйылу жағдайлары болған кезде трепанациялық операциялар жасап, науқастарға үлкен көмек көрсетіп жатырмыз.


Жалпы, елімізде жыл сайын 15 мың адамның жүрек қан тамырларына стент қойылады. Ал миға стент қою ауданда алғаш рет жасалып отыр. Бұл – инсульттің алдын алады. Былтырдан бастап көп салалы болып бейімделген Ордабасы аудандық ауруханасында бұдан бөлек буын, жамбас сүйектерін алмастыру сияқты күрделі оталар да жасалып жатыр. Аудандық аурухана дәрігерлері көршілес үш аудан халқына медициналық көмек көрсетіп келеді.