Мегаполистегі жаңа атшабарда айтулы шара өтті. Теңге ілу спорты бойынша Федерация кубогы ойнатылуда. Еліміздің әр өңірінен жүзден жүйрік шыққан спортшылар өз ара мықтыларды анықтауда. Тақырыпты тілші тарқатады.


Жарыс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Шымкент қаласының әкімдігінің қолдауымен өтуде. Дүбірлі дода екі күнге жоспарланып отыр. Ертең финалдық ойын өткізіледі.


 ТАЛАПБЕК ҚЫПШАҚБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЛУБЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл үлкен жарысымыз жыл қорытындылайтын жарыс. Кубок федерациясына 7 облыс келіп отыр. Бұл жерде сайыс іріктеуден өткен спортшылар өздерінің бақтарын сынайтын болады.


 Жарыстың ұйымдастырушылары – ҚР «Теңге ілу» федерациясы» ҚБ және Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы. Сайысқа 18 жасқа толған және одан жоғары спортшылар қатысып жатыр. Әр өңірден 30 палуан келді. Сондай-ақ, «Жеті құт» және «Бес белес» стильдері бойынша үздіктер анықталады. 13 қараша күні «Қос құлаш» стилінің жеңімпазы белгілі болады. Үш стиль бойынша үздік Теңге ілуші анықталады.


АЙБЕК ТҮРКЕБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕҢГЕ ІЛУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ

Теңге ілу спорты қазір халықаралық деңгейде дамып жатыр. 2025 жылы әлем чемпионаты өтті. 2023 жылы Азия кубогы өткізілді. Келесі жылы Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойынына теңге ілу енгізілді.


Аталған жарыс тұңғыш рет өткізіліп отыр және әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Жарыс спортшыларға өздерінің мықтылығын дәлелдеуге зор мүмкіндік береді. Жарыстың тұрақты түрде өтуі теңге ілу спортының дамуына оң септігін тигізуде.