Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 184 іс тіркеліп, оның 6-ы сотқа жолданған. Қылмыстық істердің басым бөлігі - алаяқтық фактілері. Азаматтар, әсіресе, виртуалды әккілерге жем болуы тыйылмай тұр. Желі алаяқтығы бойынша жыл басынан бері 34 іс тіркеліпті.
Қаржылық пирамида мен интернет алаяқтық - қоғамдағы өзекті мәселе. Кейінгі уақытта өзгенің арбауына еріп, қалтасынан қағылып жатқандар арызын арқалап, полиция департаментінің табалдырығын тоздырып жүр. Десе де, құқық қорғау қызметкерлері интернет алаяқтық бойынша қылмыстың тыйылмай тұрғанын айтады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Оның ішінде жиі тіркелетін қылмыстар: алаяқтық (57 іс), ұрлық (43 іс), есірткінің заңсыз айналымына қатысты (10 іс) және жол-көлік оқиғаларына байланысты (9 іс). Ал алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі интернет-алаяқтық (34). Негізгі тәсілдері: – интернет желілеріндегі тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу (15); – инвестиция жасау арқылы ақшаны көбейту туралы жарнамалар (4); – банк қызметкері, байланыс операторлары және мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар шалу (11);– несие рәсімдеу арқылы (4).
Өткен аптада «Л» есімді азаматшаға белгісіз адам жергілікті аурухананың қызметкері ретінде қоңырау шалып, жоспарлы тексерістен өту қажеттігін алға тартып, кезекке жазылу үшін 1414 нөмірінен түскен құпия кодты сұратқан. Осылайша, алаяқ азаматшаның 1 200 000 теңге ақшасын жымқырған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Ол бойынша қылмыстық іс тергелуде. Мағыналас фактілер күн сайын жүйелі түрде тіркеліп келеді. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарын алаяқтардың арбауынан сақ болуға, белгісіз адамдардың қоңырауларына сенбеуге және жолданған құпия кодтарды ешқандай жағдайда кері жолдамауға шақырамыз.
Интернет желілеріндегі есірткі дүкендерінің қолжетімді болуы қоғамның басты дертіне айналып отыр. Бұл жастардың есірткі заттарын кеңінен қолдануы мен заңсыз жұмыс істеуіне себеп болуда. Осы орайда жауаптылар қылмысқа алып келетін кез келген жайттан аулақ болуға шақырады.