Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған іссапары нәтижесінде жалпы құны 17 млрд АҚШ долларын құрайтын 29 келісімге қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім беру және инновация салаларын қамтиды. Бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Басты нәтижелердің бірі – ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» және «John Deere» компаниясы арасында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын стратегиялық келісімнің жасалуы. Құжатқа сәйкес Қостанай және Түркістан қалаларында «John Deere» маркалы 3000-ға дейін ауыл шаруашылығы техникасы шығарылады. Үш сервис орталығы салынып, кадр даярлау жүйесін дамыту жолға қойылмақ. Сондай-ақ Қазақстанды ТМД елдеріне арналған қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін өңірлік хаб ретінде қалыптастыру көзделген. Ал тау-кен өнеркәсібі саласында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен «Cove Capital» компаниясы жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды. Жоба Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеруді көздейді. Бұл бастама терең өңдеу қуаттарын құрып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. 29 келісімнің қатарында осы сияқты бірқатар кәсіпкерлік жобалар қарастырылған.