Сыбайлас жемқорлық - қоғам дерті. Көз қысты, бармақ басты құйтырқылықтардың жолын кесу әр азаматтың міндеті. Ол үшін пара бермеңіз, ұсынса бас тартыңыз. Сонда ғана ел дамуы алға озып, ізгі қоғам қалыптасады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті бүгін осы тақырыпты талдап, дөңгелек үстел өткізді.


Департамент басшысы Қанат Қадірбековтың сөзінше, цифрландыру үдерісі ашықтық саясатын жетілдіріп, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Агенттік өкілдері мемлекеттік сатып алудың әділ өтуі мен талаптарға сай орындалуын, жәрдемақылардың талан-таражға салынбай, межелі жерге жетуін қадағалайды. Мониторинг жұмыстарын жүргізіп, көз қысты, бармақ басты әрекеттердің алдын алады.


 ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТІГІНІҢ ҚАЛАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

 Жемқорлықты азайтудың бірден-бір жолы – ашықтықты қамтамасыз ету. Ал ашықтықты біз қалай қамтамасыз етеміз? Ашықтықты цифрландыру, автоматтандыру арқылы қамтамасыз етеміз.»  «Цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлық деректерін азайтуға болатынына көзіміз жетіп отыр.


 Дөңгелек үстел барысында баяндамашылар атқарылып жатқан жұмыс барысын таныстырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу тәсілдерін ұсынды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, біліктілігін жетілдірді.


 БАҚЫТЖАН ТАСАЛИЕВ, «ҚАРАТАУ» ЖШС ОФИЦЕР КОМПЛАЕНС ҚЫЗМЕТКЕРІ

– «Иә, келісемін, жемқорлық қоғам дерті.»  «Осындай іс-шаралар, пікір алмасулар жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.» 


ҚАНАТБЕК ДОСАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

– «Бұл қоғамдағы өте өзекті мәселе. Біз осы індеттен құтылмай алға баса алмаймыз.» «Осы бағытта көптеген жұмыстарды жасап жатырмыз.»


 Дөңгелек үстел барысында толымды ой, өзекті пікір, түрлі ұсыным айтылды. Алда атқарылар жұмыстардың жоспары баяндалды.