Шымкент қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 99 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант берілді. Мемлекеттік қолдаудың үшінші легінде жалпы 398 өтінім қабылданған.
Комиссияның оң шешімін алғандардың қатарында 52 жеке кәсіпкер мен 47 жұмыссыз азамат бар. Қалада жыл басынан бері жалпы саны 432 адам қайтарымсыз грант алған. Жеңімпаздардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтардан: көпбалалы 55 отбасы, мүгедектігі бар 21 азамат, ерекше баланы тәрбиелеп отырған 17 ата-ана, асыраушысынан айрылған 5 адам және атаулы әлеуметтік көмек алушы 1 тұрғын. Жаңа жобалар осы мемлекеттік қолдаудың көмегімен қала экономикасын дамытуға және жұмыс орындарын құруға өз үлесін қосады деп күтілуде. Айта кетейік, грантқа өтініштер enbek.business.kz порталы арқылы қабылданады. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында қорғайды.