Биыл мемлекеттік статистика қызметінің құрылғанына 105 жыл. Осыған орай Түркістанда мерекелік кеш өтті. Іс-шарада саланың дамуы мен өңір өркендеуіне қосқан үлесі сөз болды. Ардагерлер тарих беттерін парақтап, өткенге шегініс жасады. Ғасырдан аса тарихы бар қызметтің мән-маңызы айтылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтады. Сала мамандары арқалаған жауапкершілік жүгінің салмағын айқындап, статистика қызметінің мән-маңызына тоқталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Цифрлық трансформация, деректер сапасын бақылаудың жаңа тәсілдері, ашықтық пен сенімділікті арттыру бағытындағы реформалар мемлекеттік статистикаға деген қоғам сенімін нығайтып отыр. Статистика – мемлекеттің дамуына нақты дәлел ұсынатын сала, дерек пен сенімді ақпараттың бастауы. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында экономика мен әлеуметтік саясат жүзеге асып, маңызды шешімдер қабылданады.»
Облыстық статистика департаментінің басшысы Гүлнар Күнтуғанова «Қазақстанның ұлттық статистикасы жүйесінің бастауы мен бүгінгі жетістіктері» тақырыбында баяндама жасады. Саладағы оң өзгерістерден хабардар етіп, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
ГҮЛНАР КҮНТУҒАНОВА, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ
– «Еліміздегі статистика бюросының дамуы мен жұмыс істеу тарихы ең алдымен қоғам мен мемлекет дамуына тікелей байланысты.» «Барлық тараптардың талдамалық әлеуетін нығайтуға, деректерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.»
Салтанатты жиында салада ұзақ жыл еңбек етіп, кәсібіне адалдық танытқан бірқатар үздік қызметкерге облыс әкімінің алғыс хаттары мен марапаттары табыс етілді.
БЕЙСЕНКҮЛ НҰРШАЙЫҚОВА, САЙРАМ АУДАНЫ СТАТИСТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– Бүгін мерекеге орай облыс әкімінің қолынан марапат алып отырмыз. Бұл еңбектің еленгені деп білеміз. Біздің іс қоғамның барлық саласындағы статистикалық мәліметтерді қамтиды.
Мерекелік іс-шара барысында қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды. Мәдениет қызметкерлері өнер көрсетіп, ән мен күйден шашу шашты.