Қалалық сатира театрында «Muzicom дүкені» атты әзіл-сықақ қойылымы өтті. Думанды кеште саз бен әзіл қатар өрбіп, көрермен көтеріңкі күйге бөленді.
Әзіл мергендері ойнай жүріп ой салды, күлдіре жүріп күрсіндірді. Өйткені әр әзілдің астарында бір мазмұн жасырынған. Қоғам келбетін, келеңсіз тұстарын көркем түрде әжуалап, жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға шақырды. Қойылымның форматы да ерекше.
НҰРЖАН ҚҰЛШЫНБАЕВ, АКТЕР, ҚОЙЫЛЫМ АВТОРЫ
Мұның өзгешелігі – интермедиалар, бірақ сол интермедиаларда ойнап жатқан актерлердің образы өзгермейді. Тек локация өзгереді: бірі дүкен ішінде болса, бірі үй ішінде болады. Бірақ сол образбен өте береміз.
Қойылымды тамашалауға келген көрермен қарасы қалың. Езуге күлкі үйіріп, қошемет танытудан талмады. Шынайы эмоция көрсетіп, сахна саңылақтарына шабыт сыйлап отырды.
ҚАРЛЫҒАШ ТҰРСЫНБЕКОВА, «ШЫМКЕНТ ШОУ» ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
–Қойылымдардың бәрін өмірден аламыз ғой. Халықтың өз өміріне өзіне күлдіре отырып, ой тастай отырып көрсетеміз. Образдар ашылған, астарлы әзілдерді жақсы жеткізе білді деп ойлаймын.
Мерекелік кеште Нұржан Құлшынбаев жетекшілік ететін су жаңа театрдың тұсауы кесілді. Аға буын сәттілік тілеп, ақ батасын берді.