Ауыл-аймақтан аса алмай, танылмай жүрген палуандарға зор мүмкіндік. Шымкент қаласында алғаш рет “Qazaqstan Kokpar Cup” республикалық клубтық командалар турнирі өтуде. Бұл ойынға еліміздің шалғай аудандарынан көкпаршылар келіп, клубтық ойында бақ сынасады. Дүбірлі доданың ашылу салтанатына арна тілшісі қатысып қайтты.


Бұл турнир - көкпар спортының дамуына серпін беріп, өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтетін ауқымды жобалардың бірі. Биылғы жарысқа 7 команда жасақталған. Олардың қатарында Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген 100-ге жуық үздік шабандоз өзара мықтыларды анықтайтын болады.


НҮРКЕН БАЙБӨРИЕВ, ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Ресми жарыстарда әр облыстың құрама командалары келетін болса, бұл жерге жеке командалар да келеді. Көкпар ұйымдары да қатысуға мүмкіндік бар. Іріктеуден өтпей жүрген спортшыларға да қатысуға болады.


 Қатысушылар әуелі екі топқа бөлініп жарысады. Жеңімпаздар қарсылас топтың мықтыларымен бақ сынасады. Осылайша бір ойында ұтылған командалар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады. Командалық тартыс - нағыз әділ ойын, - дейді ардагер шабандоздар.


ӘБІЛХАН ДАУЫЛБАЕВ, АТ СПОРТЫ ТҮРІНЕН КСРО-НЫҢ ТОҒЫЗ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ

Әзір көкпардың ең тазасы да, әділі де - командалық боп қалды. Жаппай көкпарымыз көкпар болмай кетті. Ол дүние табу жолы болып кетті. Командалық ойындар - таза, әділ, жақсы ойын болып жатыр.


 Көкпар апта бойы жалғасады. Әр өңірдің мықтылары көрерменге жоғары деңгейдегі ойын көрсетуде. Доданың жалпы жүлде қоры - 28 500 000 теңге.


ҒАНИ ДҮЙШЕНОВ, ҚР КӨКПАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ

Қазір біз аттарға ден қойып жатырмыз. Атбегілерді насихаттауға ден қойып жатырмыз. Турнирде «үздік шабуылшы ат», «үздік қорғаушы ат», «үздік шабуылдаушы бала» сияқты номинацияларды енгізіп жатырмыз.


Жанкүйер қауым ұлттық рухты асқақтататын, тартысы мол қызықты кездесулерді тамашалай алады. Турнир аясында көрермендер үшін түрлі мәдени бағдарлама мен ұйымдастырушылардың арнайы шаралары да қарастырылған.