Рухани астанада бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығындағы бірқатар нысанның құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын бақылады.
Аппарат басшысы алдымен мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимараттың құрылыс алаңын аралады. Жұмыс сапасын тексерді. Мердігермен кездесіп, бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Нысан құрылысын «Ернұр Строй и К» ЖШС 2023 жылдың қазан айында бастаған. Құрылыс жұмыстары кестеге сай қызу жүргізіліп келеді. Инфрақұрылым толық тартылған. Қазіргі таңда есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы мен 5 техника жұмылдырылған. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Мұнан кейін Еркебұлан Дауылбаев 1,56 гектар аумақта орналасқан 60 төсек-орындық оңалту орталығына барды. Балаларға арналған кешенді «Turkistan International Airport» ЖШС іске асыруда. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық медициналық қондырғылар орнатылған. Заман талабына сай бой көтерген орталықта балалардың ем алуына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Нысан іске қосуға дайын. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ аппарат басшысы жаңа атшабардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған болатын. Мердігер мекеме – «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС. Жалпы аумағы – 99,3 гектар. Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы және көкпарға арналған алаң бар. Бүгінгі таңда атшабардың дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрал-жабдықтар орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық қызметкер жұмылдырылған. 19 техника жұмыс істеп жатыр. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.