Жасанды интеллект – заман талабы. Мемлекет басшысы жолдауында әлемдік жобаны білім беру, денсаулық сақтау, басқару және өндіріс салаларына кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен еді. «AMANAT» партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта партияның Шымкент қалалық филиалында «Жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісі ретінде» тақырыбында жиын өтті.


 Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова арнайы келді. Астаналық сарапшылар жасанды интеллекттің білім беру саласына енгізілуінің артықшылықтарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе қағазбастылықты азайту, мұғалімнің жұмыс уақытын оңтайландыру, сабақ әзірлеу мен бағалау жүйесін жеңілдету сияқты ерекшеліктер түсіндірілді.


ШОЛПАН КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ

Жасанды интеллектті пайдалану кезінде мектептің ішкі тәртібі, мұғалімдердің іс-әрекеті, академиялық адалдық, жасанды интеллектті пайдаланудың этикасы сияқты мәселелерге қатысты ережелерді мектепішілік қылып жасап, адалдық тәртібін қалыптастыру қажет.


Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдана білген педагог бір күндік жұмысты бірнеше есе жылдам орындай алады. Бұл өз кезегінде мұғалімнің шығармашылыққа, өздігінен дамуға және оқушылармен жұмыс сапасын арттыруға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.


АЙБЕК ҚУАТБАЕВ, «DARYN.ONLINE» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

Біздің мақсатымыз – жасанды интеллектті мұғалімдерге курс ретінде үйрету. Семинардың мақсаты – мектеп директорларын ақпараттандыру. Мектеп мұғалімдеріне Zoom арқылы түсіндіру кезеңіне өту.


 Айта кетейік, Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде айқындаған болатын. Осы бағытта көшбасшы партияның мақсаты айқын.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Күні кеше ғана мемлекет басшысы ЖИ туралы заңға қол қойды. Бұл педагогтарға зор мүмкіндік береді. Жолдауда айтылған мәселелер орындалу үстінде.


Жиын соңында қатысушылар жасанды интеллект құралдарын білім беру процесіне енгізу бойынша пікір алмасып, курстардың мазмұны мен практикалық тиімділігіне қатысты сұрақтарын қойды. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да мұғалімдердің кәсіби өсімі мен цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.