Көрме орталығында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 100-ден аса жұмыс беруші қатысып, екі қолға бір күрек ұсынды. Сондай-ақ қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкерлер өз өнімдерін көпке таныстырып, халыққа есеп берді.
Айжан Әзімбаева – қайтарымсыз грант иегері. Мемлекеттік қолдау ретінде берілген 1 млн 500 мың теңгеге ол тігін құралдарын сатып алған. Киіз басып, киім пішеді. Өнімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Білгенін көппен бөлісіп, үйренемін деушілерге шеберлік сағаттарын өткізеді.
АЙЖАН ӘЗІМБАЕВА, КӘСІПКЕР, ГРАНТ ИЕГЕРІ
– «Үйде киім тігеміз. Киіз басамыз. Шеберлік сағаттарын өткіземіз.»
Рамиля Туптібаева да тігін саласымен айналысады. Грант қаржысына қосымша техника алып, кәсібін кеңейткен.
РАМИЛЯ ТҮПТІБАЕВА, КӘСІПКЕР, ГРАНТ ИЕГЕРІ
– «Бұған дейін де жеке кәсібім болған. Ұтып алған грантыма тағы да техника алып, кәсібімді үлкейттім.»
Жәрмеңкеге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келіп, көрме ішін аралады. Кәсіпкерлермен тілдесіп, жұмыс берушілермен пікірлесті. Жалпы іс-шара барысында ынта білдірушілерге 2000-нан аса жұмыс орыны ұсынылды.
БАҒДАТ АРХАБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Осы жәрмеңкеге 350 жұмыс берушіден 1600 тұрақты жұмыс орыны, 2000-ға жуық уақытша жұмыс орындары ұсынылып жатыр. Биыл мұндай қала деңгейіндегі жәрмеңке төртінші рет өтіп отыр.» «Жұмыссыздық деңгейі түсті.»
Досымжан Қожахмет – жас мұғалім. Білім басқармасы ұсынған 130-ға жуық ваканцияны шолып, ұнамдыларын түртіп алды. Басқарма өкілі ниет білдірушіге толық ақпарат беріп, жөн сілтеді.
ДОСЫМЖАН ҚОЖАХМЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Жұмыс орындары көп. Өз ісінің мамандары түсінідіріп жатыр.»
Еңбек мобильділігі орталығы мен аудандық мансап орталықтары келушілерге Enbek.kz порталының мүмкіндіктерін таныстырды. Жалпы жәрмеңкеге мемлекеттік мекемелер мен компаниялар да келген. Индустриалды аймақтарда орналасқан «Назар Текстиль», «Бал текстил», «АЛТЫН-ДАН», «WAN SHENG CERAMIC» (Ван Шэн Керамик) сынды кәсіпорындар да белсенділік танытты.
БАУЫРЖАН АЛТЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ
– «Бұл не үшін қажет? Әлеуметтік желілерде бос жұмыс орындары туралы ақпарат толық жетпейді. Сондықтан бұл акция өте қажет дүние.»
Жұмыс іздеп келушілердің қарасы қалың. Мамандар қызығушылық танытқандарға толық ақпарат беріп, байланыс орнатты.