Бүгін таңертең Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шықты. Салдарынан 12 адам қаза тапты, оның 9-ы балалар. Екі қабатты жеке тұрғын үйде шыққан өрт 360 шаршы метр аумақты шарпыған. Қаза болған балалардың ең кішісі – 1 жаста, бесеуі бір отбасынан. Екінші отбасының 2018 жылы туған қызы аман қалды. Үй ішінен үш адам эвакуацияланып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Үкіметке және облыс әкіміне қаза болғандардың жақын туыстарына барлық қажетті көмекті көрсету және болған қайғылы жағдайдың себептерін анықтау тапсырылды.