Түркістан облысында сыйымдылығы 119 мың тоннаны құрайтын 9 мұнай сақтау қоймасы бар. Сондай-ақ 380 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Бензин құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны еркін сатылуда, тапшылық жоқ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы жауаптыларға жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті тапсырмаларды жүктеді. Бензиннің заңсыз тасымалданбауын қадағалау үшін күнделікті мониторинг жұмыстарын күшейту керегін ескертті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
— «Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал ауданы әкімдіктерімен рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, қатаң бақылауға алыңыздар»
Жиында Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов баяндама жасады. Сөзінше, 16 қазаннан бастап бағаны тұрақтандыру мақсатында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілген. Жанармай тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақтандыру бойынша облыс көлемінде арнайы жұмысшы топтар құрылған. Олар күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізеді. Тексеріс нәтижесінде 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталып, шара көрілген. Сондай-ақ жыл басынан бері мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 247 факт анықталып, 10,4 млн теңгеге айыппұл салынды.
НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
— «Бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензинге аудан және қалаларда тапшылық жоқ. Тексеріс жүргізіліп отырады.»
Мәжіліс барысында сұйытылған мұнай газы тапшылығының алдын алу бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама оқыды. Айтуынша, 2025 жылдың IV тоқсанына Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 32 505 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Облыста сұйытылған мұнай газын таратумен 50 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. 314 газ құю станциясы бар. 15 қазаннан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты барлық облыстарда газ тапшылығы орын алған.
ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
— «Ақпараттар күнделікті таңертең және түстен кейін жинақталып, сұйытылған газдың ең аз көлемі анықталған аудандардағы жауапты тұлғаларға нұсқаулықтар беріліп, газ көлемін арттыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Одан бөлек, облысқа бөлінген газ көлемінің басқа облыстарға тасымалдануын болдырмау үшін рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.»
Сұйытылған мұнай газының тұтынушыларға жеткізілуі және оның бекітілген бағада сатылуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бақылауға алынған.