Шымкент қаласында медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетондармен жабдықтала бастады. Пилоттық жобаның мақсаты – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын бақылау.


 Құрылғы қызметкердің киіміне бекітіліп, жұмыс барысында үздіксіз бейне-аудио жазып алады. Жазбалар қорғалған серверге жіберіледі және оларды медицина қызметкерлері де өзгерте алмайды. Материалдарды тек жауапты лауазымды тұлғалар қызметтік мақсатта, соның ішінде медициналық қызмет сапасын бақылау және мамандардың біліктілігін арттыру үшін пайдалана алады. Бейнежетонда төтенше жағдай кезінде басылатын «SOS» батырмасы бар. Батырма іске қосылғанда дабыл диспетчерге тікелей түсіп, бригадаға жедел қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Шымкентте 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді: 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік. Пилоттық жоба алдымен осы бригадаларда сынақтан өтуде. Денсаулық сақтау басқармасы жобаның тиімділігін бағалап, оң нәтиже болса, бейнежетондарды барлық бригадаға кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.