Түркістандық жастар танымал тұлғалармен жүздесті. Шарада жастар осы өңірден түлеп ұшқан, елге еңбегі сіңген азаматтармен емен-жарқын әңгімелесті. Өз саласының үздігіне сауалдарын жолдап, бала армандарын тыңдады. Игілікті бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды.
Шараға 100-ден аса жас қатысты. Студенттер түрлі салада асығы алшысынан түскен азаматтардың өмір жолымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл олардың болашаққа нық қадам жасауына сеп болмақ.
НАДЫРЖАН ХАСАТОВ, «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Көптеген әңгімелер айтылды. Спорт бойынша сауал көп болды. Осындай жиындар жастарға мотивация береді. Мысалы, көп жас ертең не істеймін деп ойланып жүреді. Ал бұл сұрақ жастарға бағыт көрсетеді.
Жиында әсіресе қиын-қыстау кезеңдердегі күнделік парақтары парақталды. Қазіргі жастарға беріліп отырған мемлекеттік қолдау мен заманауи жетістіктердің мүмкіндіктері айтылды.
ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БЛОГЕРЛЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жастар өте белсенді. Цифрлы, электронды құрылғыларды тез меңгеретіні сияқты, осы жерде айтылып жатқан барлық бастамаларды да жылдам қабылдап отыр. Түрлі сауалдарын жолдады.
Ерекше форматтағы тағылымды іс-шараға жиналған қауым қоғамға еңбегі сіңген танымал тұлғалармен жақын танысып, тәжірибе алмасып, ашық диалог құру мүмкіндігіне ие болды. Кездесудің басты мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, шабыт беру және өмір жолында бағыт-бағдар көрсету. Осындай мазмұнды жүздесулер ұрпақ тәрбиесінде, қоғам дамуы мен рухани жаңғыруда зор рөл атқаратыны сөзсіз.