Мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Шамшидинованың “Үздік” атты туындысы жарық көрді. Педагогтар мен ата-аналарға арналған оқулықта бала тәрбиесі, оқушы мен мұғалім арасындағы кикілжіңдер және оны шешу жолдары жазылған. Бала барлық сабақты беске оқуға міндетті ме? Үздік шәкіртті қалай тәрбиелейміз? Сюжеттен көріңіз.
Туынды педагогтың ұзақ жылғы ізденісі мен тәжірибесінің жиынтығы. Кітапта балабақша мен мектеп таңдаудан бастап, баланы білім алуға ынталандыру, оқудан қажытып алмау тәсілдері баяндалған.
КҮЛӘШ ШАМШИДИНОВА, КІТАП АВТОРЫ
«Егер біз «бала ғой, қателесіп тұр» деп баланың жағына шығып, сөзін сөйлесек, ертең бала бұл жасағаным дұрыс екен ғой деген қорытындыға келеді.» «Сондықтан жауап іздеген кезде бала, ата-ана, мұғалім жұмыла отырып осы қателікті болдырмайтын жағына жұмыс істеуіміз керек.» «Баланы барлық пәннен 5-ке оқы деп күштеудің қажеті жоқ. Біз балаға барынша сапалы білім беруге тырысуымыз керек. Және баланың талантын аша білуге тырысуымыз керек.»
Әсел Балабекованың мектеп жасындағы екі баласы бар. Қос баласының тәрбиесін басты орынға қойған ол, кітапхана мен әлеуметтік желілерді шолып, осы тақырыпты терең зерттеген. «Назарыма «Үздік» атты кітап түсіп, туындыға тапсырыс бердім. Таңдауыма өкінген жоқпын, бір деммен оқып шықтым. Бұрын-соңды білмеген қағидаттарды меңгердім», – дейді ата-ана.
ӘСЕЛ БАЛАБЕКОВА, АТА-АНА
«Әттеген-ай деген кездерім де болды кітапты оқып отырып, себебі жіберген қателіктерім бар екен.» «Отбасынан бастап баланы үлкен өмірге жолдағанға дейінгі барлық бағыт-бағдар бар екен. Сонысымен құнды деп ойлаймын. Әр ата-ананың үйінде болуы керек деп есептеймін.»
Туынды қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Бағасы да қолжетімді. Кітапты әрбір ата-ана мен мұғалім оқып, ой қорытқаны абзал. Өйткені мұнда екі тараптың қарым-қатынасы, бала психологиясы және оған қажетті ұстанымдар реті жазылған, – дейді басқарма өкілі.
ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Күләш Ағатайқызының бойындағы тәжірибе екінің бірінде жоқ. Ол кісі тәжірибесімен бірінші кезекте педагогтармен бөлісіп отыр. Сонымен қатар ата-аналармен де бөлісіп отыр.» «Мектепті қалай таңдаймын, балабақшаны қалай таңдаймын, неге мән беруім керек? Деген сияқты сұрақтарға осы кітап толық жауап береді деп ойлаймын.»
Кітап таныстырылымына қаладағы педагогтер мен ата-аналар қатысты. Туындының мән-мазмұны айтылып, тұсауы кесілді. Оқырмандар ыстық ықыласын жеткізіп, оқулық жайында пікір білдірді.