Енді шымкенттіктер интернет жылдамдығын одан әрі арттыратын кабельсіз технологияны пайдалана алады. Бүгін Freedom Telecom компаниясы FWA жүйесін таныстырды. Құрылғы талшықты кабельді қажет етпейді. Жаңа апарат бұрын желі сымдарын тарту қиын болған аймақтар үшін өте қолайлы деп жоба жетекшілері айтты.
Жүйенің бұған дейінгі нұсқалардан басты айырмашылығы – роутер сымсыз жұмыс істейді және интернет қуаты жоғары. Тағы бір елеулі артықшылық – құрылғы күн көзінен қуат алады. Яғни, электр қуатына артық шығынданудың қажеті жоқ.
ҚАЙРАТ АХМЕТОВ, FREEDOM TELECOM КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Бұған дейін біз құрылғыны Қонаев қаласында таныстырдық. Онда біздің жүйені 50 мыңға жуық тұрғын тұтынып көрді. Ешбірі шағым айтып, наразылық танытқан жоқ. Ал Шымкент біз жұмыс бастаған алғашқы ірі қала. Нарықтағы өзге құрылғылармен салыстырғанда біздің жүйе қымбат емес, тіпті арзанырақ деуге болады. Оның үстіне қазір бізде біршама жеңілдіктер де жүріп жатыр.
Таныстырылым барысында Freedom Telecom компаниясы мен Цифрландыру басқармасы өзара меморандумға отырды. Енді қос тарап бірлесе жұмыс атқарып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға арналған жоба жасайды.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Freedom Telecom компаниясының қосып жатқан технологиясы интернет саласында үлкен серпін береді. Мақсатымыз – жасанды интеллект зертханасын ашу үшін компаниямен бірлесе жұмыс істеу.
Айта кетейік, қала аумағында мобильді және кабельді желіні дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Мұхит Кемеловтың айтуынша, екі жыл бұрын мегаполисте мобильді интернет сапасы нашар 147 осал аймақ болған. Жүйелі жұмыс нәтижесінде оның саны 11-ге дейін кеміген. Жұмыстар әлі де жалғасын табпақ. Жаңа жүйе интернет байланысын дамытуға серпін береді деп күтілуде.