«Бір қала – бір кітап» акциясы жалғасуда. Қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі танымды кездесу ұйымдастырды. Бұл жолғы мейман журналист, жазушы, драматург Захардин Қыстаубайұлы болды.

 Захардин Қыстаубайұлының есімі жас оқырмандарға етене таныс. Оның жастарды адалдыққа шақыратын «Әйнекшінің баласы» атты шығармасын оқушылар сүйіп оқиды. Сондықтан болар, автормен кездесуге балалар көп келді.


АЙЗЕРЕ ҚАЛЫБЕК, №55 МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ

Мысалға «Әйнекшінің баласы» атты шығармадан еңбектің зор құрметпен келетінін білдім. Біз еңбекке құрметпен қарауымыз керек. Себебі еңбек – адамның жемісі.

 

Мұндай кездесулер балғын оқырмандарға берері мол, – дейді ұйымдастырушылар. Оқырмандар көкейдегі сұрақтарын авторға тікелей қоюға мүмкіндік алады. Өздерінің түйген ойларымен бөлісе алады. Іс-шара жоспары жыл бойы жүзеге асып келеді екен.


ГҮЛБАНУ ӘЛІМБЕТОВА, КІТАПХАНАШЫ

 Бір қала – бір кітап акциясын біз бір жыл бойы атап өтіп келе жатырмыз. Біздің кітапхананың 14 филиалы бар. Жыл бойы тақырыптық сағат, кездесу, кештерді ұйымдастырып келеміз. Бүгін Захардин Қыстаубайұлымен кездесу ұйымдастырып жатырмыз.


Захардин Қыстаубайұлының «Бәйтеректер», «Жүректегі жүзік», «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты», «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық» деп аталатын кітаптары жарық көрген. Драматург ретінде «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары еліміздің бірнеше театрында сахналанған.