Қыс мезгілі келіп қалса да шымкенттіктер қызанақ теріп жатыр. 650 гектар аумаққа өткен жылы салынған жылыжай алғашқы өнімін берді. Бір ерекшелігі – ТМД аумағында теңдесі жоқ кешенді жасанды интеллект басқарады.
Жасанды интеллект ауылшаруашылығы саласына да екпін беріп отыр. инвесторлық жоба Alsera KZ осы игіліктің шарапатын көріп отырған бірегей жоба. Кешенді жарықтандыру, көшетті суару ісі автоматтандырылған. Тіпті жылыжай ішіндегі климатты қалыпты деңгейде ұстау да технологияға тапсырылған.
ЕРҒАЛИ ЖҰМАНАЗАРОВ, АГРОНОМ
Бұл жерде қазіргі соңғы технологиялар қолданылған. Осы Қазақстандағы ең алғашқы жылыжайлардың бірі. Бұл жерде бүкіл зат программамен жүйелендірілген. Қызанаққа қажетті, ылғалдылық, температура, қанша тыңайтқыш керек, бәрі адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жүргізіледі. Негізгі мақсатымыз импорттық емес, экспорттық әлеуетті арттыру. Біздің оған қауқарымыз жеткілікті.
Бұл кешенде өсірілген қызанақтар пестицидсіз. Яғни дәрі-дәрмексіз өсірілген. Дәмі тіл үйіретін табиғи өнімнің алғашқы легі 14 гектар аумақтан жиналып, шет мемлекеттерге экспортталды.
ТОҚЫН ӘМІРХАНОВ, ЖЫЛЫЖАЙ ЖЕТЕКШІСІ
Бізде ешқандай химиялық қоспасыз өнім. Сыртқы нарықта Ресейге жіберуді көздеп отырмыз. 8 Бірінші поток терімді біз жөнелттік. Бұл өзі 90 күнде дайын болады.
Келер жылы жылыжай жанынан оқу-өндірістік орталық ашылмақ. Сөйтіп, шетелдік біліктілер осы жерде маман даярлайды. Әрі жергілікті жердегі оқу орындарының студенттерін өндірістік практикадан өткізуге де мүмкіндік ашылмақ.