«Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі Шымкентте ұйымдастырылды. Ұлттық бұйымдар ұлықталған шараны тілші әңгімелейді.
Гүлмира Молдиярқызы ағаштан сувенир жасауды 6 жылдан бері кәсіпке айналдырған. Өнімдерін ұлттық нақышта ою-өрнектеп, тұтынушылар қатарын арттыруда. Өзі жасап, өзі сататын бұйымдары күнделікті қолдануға қажетті заттар.
ГҮЛМИРА МОЛДИЯРҚЫЗЫ, BOSAGA.KZ БРЕНДІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Осы уақыт ішінде біз өте үлкен жетістіктерге жеттік. Заттың көлемі өзгерді, дизайн өзгерді. Ұлттық нақыштағы заттар үлкен сұраныста. Бүкіл Қазақстан бойынша таратамыз.
Ал Жанар Ақбаева ұлттық нақыштағы шапандар тігеді. Заманауи үлгідегі шапандары көз жауын алады.
ЖАНАР АҚБАЕВА, ШЕБЕР
Мен тігінмен 7-сыныптан бастап айналысамын. Құрақ көрпе, шапан тігемін. Қазір жемісін көріп жатырмыз. Барлығын өзім тігемін.
Көрменің мақсаты - ұлттық қолөнерді сақтау және дамытуға үлес қосып жүрген шеберлерді дәріптеу, олардың ерекше бұйымдарын көпшілікке таныту.
АЗАМАТ АЙТБАЕВ, КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
2014 жылдан бері бұл жәрмеңкені ұйымдастырып келеміз. Көрме орталығы ұлттық киім, ұлттық өнердің барлық салаларын дәріптейді. Бүгін 60-тан астам кәсіпкер қатысып отыр.
Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде құрақ көрпелер, ұлттық аспаптар, зергерлік бұйымдар және басқа да ерекше өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Қала тұрғындары бұйымдарды көріп тамашалап, ұнағандарын сатып алды.