Бұған дейін жекенің меншігіндегі көгілдір отынды тұтынып келген Қызылжар-2 шағынауданының тұрғындары мемлекеттің газына қосылып жатыр. Жауаптылар құбыр тартып, әр үйдің алдына дейін жеткізіп берген. Енді тұрғындар құжатын құнттап, үйіне кіргізуі ғана қалды. Шағынауданда қанша абонент қосылуы керек? Әріптесім Нұрлан Пайзов біліп қайтты.
Аружан Қонысбек - Қызылжардың жаңа тұрғыны. Көлкент көшесінен үй тұрғызып, мемлекеттік газға алғаш қосылғандардың бірі. Құжатын ерте дайындап, бүгінде жылы үйдің рақатын көріп отыр.
АРУЖАН ҚОНЫСБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Көшемізге жаңадан мемлекеттік газ кіргізіліп жатыр. Бұған дейін көшеде жекеменшік газ болған. Бұнымен салыстырғанда, мемлекеттік газ бізге өте тиімді - бағасы жағынан да, жылу жағынан да. Барлығы сапалы, өте қуаныштымыз. Құжаттардың бәрі дұрыс. Бізге қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Барлығы заңды түрде жүргізілуде.
Қызылжарлық тұрғындар жекеменшік газға 2016 жылы қосылған. Содан бері түрлі мәселеге тап болып келген. Қытымыр аязда қысым жетпей, газ өшіп қалған кездер де болыпты. Енді бұл проблеманың шешілгеніне қуанышты. Шағынаудан шалғай орналасқанымен, мұнда инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.
КҮЛІМХАН ҚЫРҒЫЗБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл жерде тек газ ғана емес, жалпы инфрақұрылым дейміз ғой - су, газ, жарық, жол. Бұлардың барлығы жоқ еді. Биыл, 2025 жылы, біз осы мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Соңғы Алқап көшесі мен Ордакент көшелерінде газ бен су аз болып, өте өкінішті еді. Енді мемлекеттік газ келіп жатыр, барлығына жетеді деп уәде беріп отыр.
Көгілдір отынға қосылған тұрғындардың қуанышымен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бөлісті. Шаңырақ иелеріне қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.
Жақсылап қарап, оқып шығу керек. Қазір улану фактілері көп байқалып жатыр. Жарайды, үйлеріңізде той болсын.
Қазіргі таңда шағынаудандағы 265 үй тұрақты ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Табиғи газ құбыры толық тартылып, әр үйдің қосылуына мүмкіндік жасалған.
РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгін Қызылжар-2-де бірінші кезең бойынша 265 абонент, Қарабастауда - мыңнан аса, Жұлдыз бен Жалынында екі мыңға жуық абонент бар. Біз үлкен жобаны келесі жылы бастаймыз. АГРС-5 салынады. Қалада 3 АГРС бар. Соңғы қосылғаны -2022 жылғы АГРС-3, ол сағатына 250 мың текше метр газ бөледі. Келесі жылы АГРС-5 құрылысы басталады. Қуаттылығы - сағатына 300 мың текше метр газ. Соның арқасында газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.
Айта кетейік, жыл соңына дейін қаланы газбен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетеді.