Еліміздің опера сахнасында алғаш рет француз композиторы Шарль Гуноның «Ромео -Джульетта» трагедиясы көрерменге жол тартты. Қалалық опера және балет театры ұсынған бұл премьера ұлттық өнер тарихына жаңа леп әкелді. Уильям Шекспирдің мәңгілік махаббат жырына құрылған классикалық туынды көрерменді терең сезімге жетеледі.
Спектакльдегі оқиға желісі махаббат пен өшпенділіктің мәңгілік қақтығысын аша түсіп, екі жастың сезімі арқылы адам жанының нәзік иірімдерін тереңінен суреттейді. Қоюшы режиссер Яннис Коккос опера драматургиясын заманауи сахналық тілмен ұштастырып, туындының поэтикалық табиғатын ашуға ден қойған. Ал Натали Ван Ромео мен Джульеттаның ішкі толғанысын қимылмен кестелеп, екі жастың үміт пен үрейге толы көңіл күйін бейнеледі.
ЯННИС КОККОС, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР
Операда екі жастың махаббат оқиғасы тамаша суреттелген. Ғашықтар бір-бірінсіз ғұмыр кеше алмайтынын түсінеді. Шығарма сол себепті де мұңлы болып аяқталады. Тынымсыз тіршілікте адамдар бақытын түгілі, өзін таппай жатады. Ал махаббат -өмірдің мәні. Бұл туындыда жеткізгіміз келген ой да – осы.
Премьерада басты рөлдерді қалалық опера және балет театрының талантты әртістері жоғары шеберлікпен сомдап шықты. Ал Ромео бейнесін сомдаған актердің ойыны қойылымға өзгеше реңк берді.
МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл қойылымды көре отырып, мәңгілік махаббат хикаясына куә боласың. Оқиғаның соңында қос ғашық құрбан болады. Операны көріп, жыламайтын адам жоқ. Бірақ біз көрерменге қойылымды түпнұсқадан ауытқымай, жаңаша үлгіде ұсындық.
Музыка мен хореография үйлесімі әр көріністің эмоциялық әсерін арттырды. Декорация мен костюмдер спектакльдің көркемдік тұтастығын толықтыра отырып, мәңгілік махаббат хикаясын ерекше суреттеді.
AIGAKU KISHINAMI, АКТЕР
Бұл менің театр сахнасындағы алғашқы өнерім емес. Ромео рөлін сомдау, шынында да, оңайға соққан жоқ. Мен мұны үлкен жеңіс деп білемін. Қолдау көрсеткен барша әріптестеріме алғысым шексіз.
«Ромео мен Джульетта» шығармасы – нәзіктік пен зұлымдықтың айқасын бейнелейтін трагедия. Шығармашылық ұжым Шекспир мұрасын классикалық мазмұн мен заманауи көркемдік тәсілдерді үйлестіре отырып, көрерменге таныс нұсқада ұсынды.