“Жастар” театры Жан Ануйдің “Антигона” пьесасын сахналады. Патшалық жүйенің езгісін, қатаң қыспағын көрсететін шығарма адамгершілік пен әділдік, ар-ождан бостандығын суреттейді.


 Антигонаның ағасы халық жауы. Патшаға қарсы шығып, көтеріліс ұйымдастырған. Сөйтіп жүріп қапияда қаза табады. Тоталитарлық режим революционердің жансыз денесін жазыққа тастап, жерлеуге тыйым салады. Ал Антигона бауырын жоқтап, «Қайтсем де ағамды арулап жерлеймін» деп бас көтереді.

 Антигона патшаның жиені әрі оның ұлы Гемонмен көңіл жарастырған болашақ қалыңдығы. Патша қайсар арумен сұхбаттасып, райынан қайтаруға тырысады. Бірақ принципшіл бойжеткен ұстанымынан айнымайды. Ақыры қатігез жүйе оны қыспаққа алып, өлім жазасына кеседі. Мұны көрген патшаның баласы Гемон да сүйіктісі үшін қайғырып, құсадан өз-өзіне қол жұмсайды


 Креон патша рөлін жас актер Дулат Истлеуов сомдады. Терең тебіреністі, эмоциялық толғанысты талап ететін образ жас маман үшін оңайға соқпаған. Орта ғасыр атмосферасын сезіну үшін ол жан-жақты ізденіп, тарихи шығармаларды оқыған. Фильмдер тамашалап, кейіпкердің жан дүниесіне үңілген. Күрделі, ә дегеннен түсіне кету қиын қойылымды ұғыну үшін алдын-ала дайындалып келген жөн, – дейді ол.


ДУЛАТ ИСТЛЕУОВ, АКТЕР
– Спектакльге келетін кезде қойылыммен танысып келгені өте дұрыс болады.»  «Режиссердің не айтқысы келді, актерлер не ойнап жатыр толық түсінесіз. Түйін шығаруларыңызға болады.


Ақниет Шералиқызы – өнер жанкүйері. Театр табалдырығын жиі аттайды. Оған кезекті қойылым қатты ұнаған. Ерекше әсерге бөленіп, рухани қуат алып шыққанын айтады. Сөзінше, әртістер кәсіби деңгей көрсетіп, оқиға желісі баурап алған. Өзін XVII ғасырдағы Еуропада жүргендей сезіндім, – дейді.