Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Шара барысында өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру мен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс және сауда салаларында инвестициялық мүмкіндіктерге бай. Өңірде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар, сондай-ақ шағын өнеркәсіптік парктер дамып келеді. Туристерді тарту мақсатында тарихи және мәдени ескерткіштер ашылды. Халықаралық әуежай жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдай алады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты жұмыс істеуде. Ынтымақтастықтың жарқын мысалы – Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен KATKO кәсіпорны. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды.
Франция елшілігінің өкілдері Түркістан өңірінің әлеуетін франциялық компанияларға таныстырып, бірлескен жобаларды бастауға мүдделі екендерін жеткізді. Жиында ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізілді.