Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық және өңіраралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі елшінің өңірге сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге маңызды үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет басшылары қыркүйектегі кездесуінде жариялаған «Жаңа алтын 30 жылдық» бастамасы өңірлер арасындағы жаңа жобаларға кең мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде жаңа стратегиялық серіктестікті нығайту мәселесі қолға алынған болатын. Бұл екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.»
Бүгінде өңірде қытай инвесторларымен бірге текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны, 300 МВт күн электр станциясы, бейнебақылау камераларын шығару, еден жабындары өндірісі және мата мен джинс маталарын өндіру жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты ұлғайтуға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Қытай елшісі Түркістан облысының даму қарқынына оң бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда инвестиция салуға мүмкіндік мол екенін айтты.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Жалпы осы жұмыстардың нәтижесінде бүгінде қытай инвесторларының қатысуымен бірқатар жобалар біздің өңірде іске асырылып жатыр. Нәтижесінде Түркістан облысына 1 млрд теңге инвестиция тартылып отыр.»
Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.