Жасанды интеллект – заман талабы. Мемлекет басшысы жолдауында әлемдік жобаны білім беру, денсаулық сақтау, басқару және өндіріс салаларына кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен еді. Елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту басты назарда. Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Термез мемлекеттік университетімен бірлескен ғылыми жиын өтті.
«Жасанды интеллект және сандық технологиялар негізінде электрондық оқу құралдарын пайдалану» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Канада және Польша ғалымдары қатысып, өз ғылыми баяндамаларын ұсынды. Конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтіп, барлық материалдар арнайы жинақ болып жарияланатын болды.
ТАЛЖАН РАИМБЕРДИЕВ, ПРОФЕССОР
– «Филология тіл мәселесіндегі арқаулар жасанды интеллектте қалай болады. Жастарды қалай оқытып тәрбиелейміз, біліммен сусындандырамыз – дегеннің бірінші басқосуы десек болады. Маңыздылығы жоғары конференция.»
Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдана білген педагог бір күндік жұмысты бірнеше есе жылдам орындай алады. Бұл өз кезегінде мұғалімнің шығармашылыққа, өздігінен дамуға және оқушылармен жұмыс сапасын арттыруға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Айта кетейік, Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде айқындаған болатын. Осы бағытта «AMANAT» партиясы да ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Мемлекет басшысының жолдауында айтылған жасанды интеллект мәселесін ғылымға енгізу мәселесіне байланысты біраз ұсыныстар негізделіп отыр. Осы конференцияның негізінде қаулылар қабылданып, өңірдің дамуына байланысты көзделген істер айқындалады.»
Конференцияның негізгі мақсаты – жасанды интеллект қазіргі заманғы білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отырғандығын көрсету. Сонымен қатар оқытудың мазмұны мен тәсілдерін өзгерте отырып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Оның көмегімен жеке оқыту жолдары жасалып, әр студенттің білім деңгейіне сай оқыту бағдарламалары әзірленіп жатқандығын атап өту қажет.