Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай халықаралық конференция өтті. Алқалы жиын ұстаз, ғалым Гүлжан Сүгірбаеваның ғылыми-педагогикалық қызметіне 35 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінде табанды еңбек еткен ардагер «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды. Ұлағатты ұстазға ғылым саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Білім сардары» алтын медалі табысталды.


 Шымкенттік зиялылар бас қосқан жиында Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің жетістіктері айтылды. Халықаралық дәрежеде білім беру саласына қол жеткізуде Гүлжан Дәулетбекқызының еңбегі паш етілді.


 ГҮЛЖАН ЖАРАСОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Г. Дәулетбекқызы, сізді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және өз атымнан құттықтаймын. Сіздің кәсіби өміріңіз, өнегелі еңбек жолыңыз – ұрпақ үшін үлкен тәрбие.


 Шымкентте Гази университетінің ашылуы – білім саласындағы ең жоғары жетістік. Жиында Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық грант иегері атануы да – оқу ордасындағы басқарушылық қызметтің жүйелілігінің дәлелі.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атамыздың ескерткішін тұғырға қондыру — елдің көкейінде жүрген ойды орындау еді. Одан бері екі жыл өтті. Ескерткіштің орнын ауыстыру арнайы рәсімді қажет етеді. Сол істі біз Г. Дәулетбекқызымен бірге атқардық.


Жиында Қазақстан халқының көпэтностық құрамының тарихи қалыптасуы, кезеңдік өзгерістері мен қазіргі тенденциялары талқыланды. Ғалымдар этносаралық келісім, қоғамдық тұрақтылық, рухани даму, жастар арасындағы толеранттылық мәдениеті жөнінде баяндамалар жасады.