Енді Сайрам ауданының Көлкент тұрғындары отын тасып, пеш жақпайтын болды. Себебі елді мекенге табиғи газ келді. Қазіргі таңда барлық жабдықтау желілері іске қосылды. Жаңа нысанды іске қосу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті халықтың қуанышымен бөлісті.


Көгілдір отынға қосылғандардың төбесі көкке жетті. Бұған дейін көмір тасып, пеш тұтатып келген тұрғындар енді от жағып әуре болмайтынына қуанып отыр. Тұрғындардың бірқатары үйлерін жылу жүйесіне қосып үлгерген.


Көлкент халқының көп жылдық арманы орындалған күн. Мемлекет басшысы елді мекендерді газдандыру бойынша тапсырма берген болатын. Жолдауда да оқыдық мұны. Сол тапсырма біртіндеп орындалып жатыр. Газ бүгін ауылымызға келді.


МАФТУНА ҚҰРБАНОВА, КӨЛКЕНТ ЕЛДІМЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ

 Газ кіргізіп бергендердің барлығына рахмет. Қазақстанда тұрып жатқанымызға өте қуаныштымын. Президентімізге үлкен алғыс. Өте қуаныштымыз, айтып жеткізу қиын. Жұмыстарымыздың барлығы жеңілдеп қалды. Рахмет сіздерге!


Бүгінде Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылған. Қамту көрсеткіші – 88 пайыз. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір елді мекен газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берген. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда. Бұл – әр отбасының тұрмысына жайлы жағдай жасай отырып, экологиялық ахуалды да жақсартатын үлкен қадам. Оған қоса, көлкенттіктер өте еңбекқор екенін қоғам біледі. Ал көгілдір отын осы іскер тұрғындарға оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен серпін беретіні анық.


Облыстың елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 80 жобаға қаржы қаралған болатын. Биыл 46 жобаның құрылысы аяқталса, 34 жоба келесі жылға өтпелі. 2027 жылы газдандырылған елді мекендер саны 765-ке жетеді.