Бүгін үшінші мегаполисте жұмысшы жастар форумы өтті. Қатысушылар мұнай өңдеу зауытының өндірістік аймақтарын аралап, кәсіпорынның заманауи технологиялық үдерістерімен танысты.


 Шараны қалалық «AMANAT» партиясы, «Жастар Рухы» жастар қанаты және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» кәсіпорны ұйымдастырды. Жиын барысында жас мамандарды қолдау мен олардың кәсіби біліктілігін дамыту мәселелері сөз болды. Білім алушылар зауыт аумағында экскурсия жасап, өндірістің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ кәсіби бағдар беру бағытында ашық кездесу ұйымдастырылды.


БЕКЗАТ ТӨЛЕБАЙ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ШҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

«Бірінші жастар форумын «Balabi Textile» өндіріс орнында өткізген болатынбыз. Қазір жыл соңында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» кәсіпорнында өткізіп жатырмыз. Мұнда 2000-нан астам адам жұмыс істейді. Бүгін жастарды жинап, өндірістің тыныс-тіршілігімен таныстырып жатырмыз.»


 Береке Кенжебай – болашақ эколог. Білім алушы бүгін зауыттың өндірістік үдерісін зерделеп, оның технологиялық қырларын бақылады. Жұмыс тәртібін көріп, кәсіби көзқарасын кеңейтті.


БЕРЕКЕ КЕНЖЕБАЙ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ

«Мен экология мамандығында оқимын. Мұнда мұнайдан шыққан қалдықтар қалдырмай, қайта өңдеуден өткізеді екен. Бұл экологияға өте пайдалы деп білемін.» «Зауыттың жұмысымен таныстық. Қаншалықты ауыр екенін түсініп, ойымызға түйдік.»


 Шарада зауыттың 40 жылдық мерейтойына орай бірқатар еңбек майталмандарына медальдар табысталды. Сондай-ақ өз қызметінде үздік нәтижеге қол жеткізген жұмысшыларға арнайы алғыс хаттар берілді.