Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі жауапты департамент, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өртке қарсы қауіпсіздікті күшейтіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Облыс аумағындағы өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында, автотранспортта және сауда орындарында тіркелген. Өрт оқиғаларының таралуына көбінесе электр құралдарын монтаждау және пайдалану кезінде талаптарды бұзу, пештерді орнату және пайдалану ережелерін бұзу себеп болады. Департамент басшысы өртке қарсы дабыл қаққышты орнату қайғылы жағдайдың алдын алуға себеп болатынын, осы бағытта жұмысты жандандыру керек екенін айтты. Сонымен бірге өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін білу де маңызды.
АСҚАР ТӨЛЕШЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Облыс көлемінде 350 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның ішінде жеке тұрғын үй секторларының саны – 346 мың, ал көпқабатты тұрғын үйлер саны – 3 781. Қазіргі таңда профилактикалық жұмыстармен 139 мыңдай үйге рейдтік аралау жүргізілді. Жыл соңына дейін басқа да үйлерді қамту көзделіп отыр.
Мәжілісте департамент пен басқарма басшыларының ұсыныс, пікірлері тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне құзырлы органдармен бірлесіп, өрттің алдын алу, қауіпсіздікті күшейту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өңірдегі әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен хостелдер қайтадан тексеріліп, өртке және улы газға қатысты қауіпсіздігі нығайтылады. Бұл жазатайым оқиғалар тұрғын үйдегі қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан болып жатыр.
Арнайы жұмысшы топ құрамы кеңейтіліп, әкімдіктер, газ инспекциясы, «ҚазақГазАймақ» АҚ, Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де мекеме өкілдері енгізіліп, өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың алдын алу бойынша рейдтік шаралар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.