Эпидемиологиялық маусым басталғалы Шымкентте 113 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған. Вирусты жұқтыру көрсеткіші өткен аймен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Тұмау жұқтырғандар 1,02 пайызға көбейген. Қаладағы эпиджағдай жөнінде келесі бейнематериалда айтамыз.


Күз басталғалы ЖРВИ мен тұмаумен ауырып, ем қабылдап жатқан науқастар саны артты. Тұрғындар арасында жөтел, қызу көтерілу және әлсіздік белгілері жиілеген. Мамандар емді дер кезінде алуға кеңес береді. Эпидемиологтардың мәліметінше, соңғы аптада ауруға шалдыққандардың саны өткен кезеңмен салыстырғанда көбейген.


 АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Осы эпидмаусым басталғалы жалпы ЖРВИ-мен 113 552 адам ауырды. Ауырғандарды зертханалық тексерудің нәтижесінде грипптің «А» түрі айналымда екені анықталды. Бүгінгі таңда ол 125 адамнан табылды, ал 57 адамның анализі тұмауға ұқсас инфекцияны көрсетіп отыр.


Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатқан науқастар көп. Қазіргі таңда мұндағы 360 орынның қырыққа жуығы ғана бос. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін мегаполистегі денсаулық сақтау мекемелерінің он төртіне қосымша төсек орын дайындалған.


АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Қаладағы 14 ауруханада қосымша төсек орын ашылып, бүгінгі таңда оның 50 пайызы босап тұр. Әсіресе қалалық балалар ауруханасында мәселе туындаған еді. ЖРВИ-ге арнайы 20 орын бөлінген, оның бүгінгі таңда он жетісінде науқастар жатыр. Әр сағат сайын ауруханадан шығарылып жатқандықтан, бұл сан өзгеріп отырады.


Санитар мамандар тұмаудың өршуін ауа райының құбылуымен және тұрғындардың жеке сақтық шараларына салғырт қарауымен байланыстырады. Егер тұмаудың қандай да бір белгілері байқалса, өз бетімен емделмей, дәрігердің нұсқауымен ем қабылдаған дұрыс.