ЮНИСЕФ Жастары – балалардың құқығын қорғауға келгенде белсенділігімен танылатын жастар тобы. Бұл ұйымның еріктілер хабы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ашылды. Жастар жоспарларын жүйелеп, атқарылған жұмыстарды саралау үшін бас қосты.


Бұл хаб — жастарға білім алуға, әлеуметтік бастамаларды іске асыруға, волонтерлік жобаларға қатысуға және медиаконтент жасауға мүмкіндік беретін тұрақты алаң. Жастар қазірдің өзінде әлеуметтік жобаларға белсене араласып, қаланың дамуына үлес қосуда. Олар волонтерлік және қоғамдық ұйымдармен, сондай-ақ қалалық Жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыс орнатып, белсенділігімен ерекшеленіп жүр.


 ӘЛИЯ МҮСІР, ЕРІКТІ

ЮНИСЕФ-ке мен шілде айында қосылдым. Қазір университетте хаб ашылып жатыр. Балалар құқығын қорғау күніне арналған іс-шаралар өтуде.


Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Еріктілердің халықаралық жылы деп жариялау туралы резолюцияны қабылдады. Бұл - еліміздің еріктілікті дамытуға жаһандық деңгейде қосқан елеулі үлесі.


АРУЖАН ӘЛЖАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Осы оқу орнының студенттері еріктілер қатарына қосылып жатса – нұр үстіне нұр. Себебі педагогтардың ерікті болуы жастар санасында осы мәдениетті қалыптастыруға әсер етеді. ЮНИСЕФ еріктілері Шымкенттегі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүр.


Еліміздегі осындай бірегей кеңістіктің алғаш болып Оңтүстік өңірінде, Шымкентте ашылуы - мегаполис жастары үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл бастама ЮНИСЕФ пен серіктестердің жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуына ықпал етеді.