Шымкентте «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанынан құрылған Кәсіпкерлікті үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы өтті. Жаңа консультативтік орган саладағы өзекті мәселелерді талқылап, түйткілді шешуге бағытталған алаң құруды мақсат етеді. Алғашқы жиынға қала әкімінің орынбасары, партия филиалының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Шаһарда кәсіпкерлік нысандарының қарқыны артып, бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптасып келеді. Жиында партия төрағасы қалалық мәслихатта салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету ұсынысы қарастырылатынын атап өтті. Кәсіпкерлікті үйлестіру кеңесі бизнес өкілдерінің мәселелерін қарастырып, олардың шешімін табуға тікелей атсалысатын тұрақты диалог алаңына айналмақ.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Алғашқы отырыста біз өңір кәсіпкерлерінің мәселелерін талқылап, егер біздің тараптан шешілмейтін болса, оны жоғары аппаратқа жолдау басты міндет болып отыр. Бүгінгі күнге дейін 20-ға жуық мәселе анықталды.
Жиын барысында салалық басқарма басшылары қаладағы кәсіпкерлік саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, түрлі бағыттар бойынша баяндама жасады. Жалпы саны 12 мәселе талданып, оның шешу жолдары қаралды.
ТАХИРБЕК НИШАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Кәсіпкерлерді қолдау Президенттің Жолдауында да айтылған. Қазіргі таңда Шымкентте кәсіпкерлер көп. Барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Әр кәсіпкердің өзіндік мәселесі болуы мүмкін.
Кеңестің тең төрағалары ретінде Мұрат Жолдыхожаев пен қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов бекітілді. Енді кәсіпкерлер тоқсан сайын тұрақты түрде жиналып отырады.