Шұғыл ақпарат. Шымкентте 8-қабаттан секірмек болған әйелді сол маңдағы жұмысшылар құтқарып қалды. Оқиға Абай ауданы, 189-орамдағы Modern City тұрғын үй кешенінің №25В үйінде тіркелді. 12 қабатты үйдің 8-қабатынан төменге секіруге әрекет жасаған азаматшаны аман алып қалуға қарапайым тұрғындар атсалысты. Тақырыпты оқиға орнында болған арна тілшісі тарқатады.


 Оқиға таңғы 09:39 шамасында басталған. Modern City кешеніндегі №25В үйден әйел адамның айқайлаған дауысы естіледі. Көпқабатты үйдің жоғары қабатында бір азаматша терезеге шығып, секірмек болған. Пәтер ішінде ер адаммен сөзге келіспей жатқанын байқадық. Дәл осы сәтте Шымкент Сити паркінің жұмысшысы Жанайдар Әлімқұлов пен Абай ауданының көгалдандыру қызметкері Асылхан Әбдіхалықов пәтерге көтеріліп, әйелді сөзбен сабырға шақырып, шалт қимыл кезінде ұстап қалып, қауіптің алдын алды.


ЖАНАЙДАР ӘЛІМҚҰЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Забордан секіріп ішке кірдім. Қолымды созсам — бермейді. Кейін бірден шалбарынан ұстап қалдым. Екінші бала қолынан ұстады, тағы біреуі айналып келді».


Құтқару жұмысына тазалық мекемесінің қызметкері Руслан да қосылды. Ол көрші пәтердің терезесінен шығып, өз өмірін қатерге тігіп, әйелді қауіпсіздікке қарай тартуға көмектесті. Ал Асылхан азаматшаны ішке кіргізуге қолғабыс етті.


АСЫЛХАН ӘБДІХАЛЫҚОВ, ТАЗАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ

«Руслан екеуміз барып құтқарып қалдық. Қыз терезеден секірейін деп тұрған кезде жолдасым қолынан ұстап үлгерді. Мен шалбарынан тартып көмектестім».


Куәгерлер бірден құтқару қызметіне хабар бергенімен, жағдайдың күрделілігіне қарамастан, қарапайым жұмысшылар алғашқы минуттарда шешуші әрекет жасап, әйелдің өмірін сақтап қалды. Осындай көзсіз ерлік -шынайы құрметке лайық.