Шымшаһарда ұлттық киімдер фестивалі өтті. Қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара жастардың мәдениетке деген қызығушылығын оятып, төл өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат етті. Байқауға 400-ге жуық жас қатысып, дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымын көрсетті.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Ұлттық киім ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміздің айнасы, ұрпаққа қалатын асыл мұра. Фестивальде суретші-дизайнерлердің қолынан шыққан этностильдегі киімдер жұртшылық назарына ұсынылды. Қатысушылар қазақтың ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдары арқылы ұрпаққа ұмытылмас эстетикалық әсер беріп, дәстүріміздің жаңаша түсінігін паш етті.
АЙГҮЛ ӘМЗЕЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІ – ҚХА ХАТШЫЛЫҚ МЕҢГЕРУШІСІ
Қаламыздағы сегіз оқу орнының дизайнер мамандығында білім алатын студенттері қатысып жатыр. Жалпы 400-ден астам адам қатысқан. Жеңімпаздар техникалық құралдармен марапатталатын болады.
Жібек жіптен өрнек өрген талай ісмердің арасынан Орталық Азия инновациялық университетінің талапты студенттері ерекше көзге түсті. Олар ұлттық киімнің табиғи болмысын замана тынысымен астастырып, көпшілікке тың әдіспен ұсынылған жаңа модельдерді таныстырды.
БАЛҚИЯ ДОСАНОВА, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Мұндағы ұлттық киімдердің бәрі қазақы түсте алынған. Біз осы киім үлгілері арқылы ұлттың болмысы мен құндылықтарын көрсетуге тырысамыз.
Фестиваль қорытындысында қазылар алқасы үздіктерді анықтап, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қазақ өнерін дәріптеу мен ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында айрықша мәнге ие.