Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында тағы бір жоғары технологиялы бүйрек ауыстыру отасы сәтті орындалды. Бұл — аталған медициналық мекемеде жүзеге асқан 242-ші бүйрек трансплантациясы. Дәрігерлер бұл жолы ағасына туған інісінің бүйрегін салды.


 Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен 4 жыл бойы есепте тұрған пациент 2022 жылдан бері гемодиализге тәуелді болып келген. Соңғы уақытта жүрек қызметінің әлсіреуі оның жағдайын күрделендірген. Барлық қажетті медициналық тексерулер мен заңды рәсімдер толық аяқталғаннан кейін, 2025 жылдың 19 қарашасында туыстық донорлық негізде бүйрек трансплантациясы жасалды. Операция ойдағыдай өтті. Қазіргі таңда донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, олар реанимация бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Емдік шаралар бекітілген клиникалық хаттамаларға сай жүргізілуде.


ШАЛА ТУҒАН СӘБИГЕ ДӘРІГЕРЛЕР КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ


Қалалық перзентханада 29 апталық жүктілік кезінде, ананың жағдайына байланысты, Асылым есімді шала туған нәресте дүниеге келді. Мерзімінен ерте туған сәби бүгінде өмір үшін күресте айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Туған кездегі салмағы небәрі 845 грамм болған балақайдың қазіргі салмағы 1808 граммға дейін өсті. Медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен жан-жақты күтімінің арқасында сәби біртіндеп салмақ қосып, денсаулығы жақсарып келеді. Асылым – шала туған нәрестелердің өмір сүру мүмкіндігінің артқанын дәлелдейтін жарқын мысал. Бұл – медицинаның дамуы мен неонатолог мамандардың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен жөн.