Жасанды интеллект пен өнер. Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде жасанды интеллект пен өнерді ұштастыру бағыттарын айқындайтын халықаралық семинар өтті. Шараның мақсаты - ЖИ-дің өнер мен білімдегі рөлін анықтау, оның әлеуметтік және мәдени әсерін талдау.
«Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» тақырыбындағы ғылыми семинар онлайн-офлайн форматта ұйымдастырылды. Шараға жергілікті мамандармен бірге Алматы және Қарағанды қалаларындағы колледж оқытушылары қатысты. Сонымен қатар Белгия мен Түркия елінің педагогтары онлайн қосылды.
ДОСЖАН ЖҰМАБАЕВ, ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР ЖӘНЕ ДИЗАЙН КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі семинарымыздың мақсаты — ЖИ-ді өнер саласымен байланыстыру. Яғни ЖИ-ден түрлі идеялар алу, мәлімет жинау, жоспар жасауға қолдану…
Семинар барысында қатысушылар ЖИ мен адам шығармашылығының өзара байланысын, қазіргі білім беру мен өнерді дамытудың жаңа бағыттарын талқылады. Шараны қалалық білім басқармасы, «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі бірлесе ұйымдастырды.
ЗҮЛФИЯ ИМАНҚҰЛОВА, ДИЗАЙН КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Бұл технология балаға қиялын, ой өрісін дамытуға мүмкіндік береді. Бірақ ЖИ-дің бір жерде қауіпті тұсы бар — ол тек шаблон ұсынады. Сондықтан оны дұрыс пайдаланып, өзінің еңбегін қосу маңызды. Егер жұмыстың барлығын ЖИ атқарса, авторлық құқық тұрғысынан дұрыс болмауы мүмкін.
Қатысушылар білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану бойынша жаңа әдістемелік ұсыныстарды таныстырды. Сонымен қатар өнер мен шығармашылықта цифрлық құралдарды қолданудың инновациялық тәсілдерін ұсынды.