- Биыл 672 шымкенттік интернет алаяқтарының құрығына түсіп қалған. Полицейлердің мәліметінше, қалада жасалатын әрбір бесінші қылмыс – виртуалды қаскүнемдердің әрекеті. Сарапшылардың айтуынша, қулығына құрық салдырмайтындар қарапайым жұмысшыдан бастап, жоғары білімді академик пен ғалымдарды да оп-оңай алдап жүр. Одан қалай сақтануға болады? Келесі сюжеттен көріңіз.
- «Алаяқтық. Алдын алу, қорғау, жауапкершілік!» атауымен Шымшаһарда киберқауіпсіздік мәселесі талқыланған ауқымды форум өтті. Жиында интернет алаяқтарынан сақтану және қорғану жолдары айтылды.
- АРМАН СӘБИТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- «Әкімдік жанындағы консультативтік және үйлестіруші органдар аясында қабылданған шешімдер арқасында алаяқтық істер 2 пайызға, интернет алаяқтары 3 пайызға төмендеді.»
- Иә, жүйелі жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Бірақ босаңсуға болмайды. Алаяқтардың айласы күн сайын жетіліп келеді, – дейді тәртіп сақшылары. Ең көп тараған алаяқтық схемалардың бірі мынау: әккілер ресми ұйымдардың атын жамылып, «полицияданмын», «банктенмін», «әкімдіктенмін» деп хабарласады. «Басыңа қауіп төніп тұр, алдын алу үшін телефоныңа келген құпия кодты айт» деп арбайды. Сол сәтте құпия мәліметті берген жағдайда, олар банк шотыңызды оп-оңай иемденеді. Сондықтан мәселені телефон арқылы шешпей, ресми мекемеден нақтылауға кеңес беріледі.
- ҚҰРМАНБЕК САХОВ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
- – «Интернет алаяқтары ұйықтамайды! Әр кезде жаңа айла табады. Бастапқыда почта болды, кейін банк қызметкері болып алдады. Кейін әкімдік қызметкері болып хабарласты. Әлеуметтік сала маманы болып қоңырау шалғандар да болды. Олар жағдайға қарай үнемі өзгеріп отырады. Оларға сенуге болмайды.»
- Алаяқтардың бір бөлігі алыс-жақын шетелдерден хабарласады. Оларға алданып, ақшасынан айырылып қалғандар да аз емес. Мұндайда құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істейді. Соның арқасында бірнеше топ ұсталып, қолды болған қаржының бір бөлігі қайтарылғанын айтады министрлік өкілі.
- АСЛАН УСКЕМБАЕВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- – «Украинада қыркүйек айында 5 колл-орталық ұсталды. Әрбірінің өз бағыты болған. Бірі өзін банк қауіпсіздігі қызметі ретінде таныстырып алдаған, енді бірі инвестициялық қорға ақша салдыру арқылы алдап келген, тағы бір топ “алаяқтардан құтқарамыз” деп өзі алаяқтық жасаған.»
- Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар қоғам мүшелеріне талдау жүргізіп, әр топқа арнап жеке сценарий жасайды. Яғни кәсіпкерлермен, ғалымдармен, мемлекеттік қызметкерлермен сөйлесуге арналған түрлі дайын мәтіндері бар. Олар азаматтың мінез-құлқы мен осал тұсын зерттеп, соған қарай шабуыл жасайды. Мамандар сақтанудың ең тиімді жолы – құқықтық сауатты арттыру және қырағылықты күшейту екенін айтады. Жиында заң өкілдері жас буынға қауіп-қатер туралы түсіндіріп, қорғану жолдарын көрсетті.