Колледж студенттері теориялық біліммен шектелмейді. Оны тәжірибеде ұштап, болашақ мамандығын іс жүзінде үйренеді. Мәселен, Төлеби ауданында орналасқан Түркістан көпсалалы техникалық колледжі аграрлық бағытқа ерекше көңіл бөлген. Арнаулы оқу орын шәкірттері трактор тізгіндеп, жер жыртады. Механикалық құрылғыларды жан-жақты меңгереді.
Колледж балансында ауыл шаруашылығына арналған арнайы жер телімі бар. Студенттер онда іс-тәжірибе жасап, өсімдік түрлерін егеді. Механикалық көлік құралдарын тізгіндеп машықтанады. Бұл дайын маман қалыптастырудың төте жолы, дейді оқу орын басшылығы.
ТАЛҒАТ МАЛЕНОВ, ТҮРКІСТАН КӨПСАЛАЛЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
63 гектар жер теліміміз бар. Оған біз мақсары, бидай, жоңышқа, ноқат ектік. Соның есебінен жатақханада жататын студенттерге 3 мезгіл тегін тамақ беріп жатырмыз.
3 курс студенті Сағынғали Молдахан – болашақ дәнекерлеуші. Мамандығын шын қалап, терең үйренуді мақсат тұтқан шәкірт көп уақытын шеберханада өткізеді. Қазір ол металл түрлерін зерттеп, оны дәнекерлеу тәсілдеріне машығып жүр.
САҒЫНҒАЛИ МОЛДАХАН, СТУДЕНТ
Доқты қалай өткізеді, металлдарды қалай біріктіреді. Соның бәрін ағайларымыз жіті түсіндіріп, кеңес беріп, үйретіп жүр.
Сондай-ақ студенттер аспаз мамандығын да меңгере алады. Ол үшін оқу орын жан-жақты жағдай жасаған. Шәкірттер білікті мамандардан дәріс алып, сан алуан тағам түрлерін пісіреді.
КЕНЖЕШ ҚАЙЫРЖАНОВА, ТҮРКІСТАН КӨПСАЛАЛЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ
Оқу практикасына 216 сағат бөлінген. Әр тақырып бойынша оқушыларды дайындаймыз. Түрлі халықтардың асханаларымен таныстырып, тағамдарын дайындау тәсілдерін үйретеміз.
Студенттер түрлі салаға машықтанады. Колледж басшылығы оларға әрбір бағыт бойынша шеберлік шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік қалыптастырған.