Шымкент қаласында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қаладағы жалпы жол 3 847 шақырымды құраса, оның 3 567 шақырымына асфальт-бетон жамылғы төселген.
Қазір жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік қозғалысын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр – Абылай хан көшелері бағыттарындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен бірге Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынуда. Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Биыл, сонымен қатар, 201 шақырымды құрайтын 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды. Жыл соңына дейін 2 291 көшенің барлығы толық жарықтандырылмақ. Сондай-ақ, 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
ТӨРТ ШАҒЫНАУДАН ЖОЛДАРЫНА ТОЛЫҚ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
Шымкент қаласында биыл атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Абай ауданына қарасты Достық, Асар-2, Бозарық және Ынтымақ шағынаудандарының көшелеріне толық асфальт төселді. Бұл – аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмысы Нұршуақ шағынауданында және Қайнарбұлақ тұрғын алабында жалғасуда. Мамандар бекітілген жоспарға сәйкес жолдардың негізін дайындап, асфальт төсеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.