Бүгін елімізде республикалық мазмұндама жазу шарасы өтті. 1,5 миллионға жуық оқушыны қамтыған жиынның мақсаты – «Заң мен тәртіп» идеологиясын кеңінен насихаттау. Акцияға шымкенттіктер де белсене атсалысты.
Республикалық шараға шаһардың барлық оқу орындары қатысты. Білім алушылар мазмұндама жазу арқылы қоғамдағы буллинг мәселесін де көтеріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдарын талқылады. Әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын ұғынып, тәртіп қағидаттарын зерделеді.
ҰЛДАНА ЖАРЫЛҚАСЫН, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында буллинг, құқық бұзушылық мәселелері жиі кездеседі. Осындай шаралар арқылы мен көп ой түйдім. Қандай да бір келеңсіз жағдай орын алса, құқық қорғау органдарына жеткізу қажет.
Акция аясында 7-8 сынып оқушылары «Заң мен тәртіп» тақырыбында мазмұндама жазса, 9-11 сынып оқушылары қауіпсіздік бағытын қамтыды.
АЛМАС ҚАЙЫПОВ, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жоғары сынып оқушыларымен түрлі бағытта жұмыс жүргізіп отырамыз. Әлімжеттіктің алдын-алу бойынша дебаттар ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда мектептерде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында бірқатар жоба қолға алынған. Оқушыларға түсіндірме шаралары жиі жүргізіліп тұрады.