Шымкентте білім сапасын арттыру мақсатында «Сапалы білім» жобасы қолға алынды. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар мен жобалар жайында келесі бейнематериалда.
«Сапалы білім» жобасы аясында тек оқушылар ғана емес, мектеп директорлары да өз білімін сынайтын болады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын дамытуға көңіл бөлініп отыр.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Осы кешенді іс-шараның жоспарында оқылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған «Кітаппен қанаттан» жобасы іске асатын болады. Сонымен қатар қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау, әлемдік әдебиеттің үздік туындыларын дәріптеу, классикалық шығармаларды оқуды ынталандыру мақсатында 2–10 сынып оқушылары арасында «Жыр бұлағы – сөз сыры» байқауы ұйымдастырылады. Қазақтың эпостық мұрасын дәріптеу негізінде 7–10 сынып оқушылары арасында оқылым дағдысын дамыту, айтылым шеберлігіне жетелеу, көркем жеткізу үдерісін қалыптастыру мақсатында «Жыр додасы» байқауы жоспарланып отыр.
Тілдік сауаттылықты арттыру мақсатында «Сөз мерейі» тақырыбында мазмұндама жазу байқауы өтсе, грамматикалық және стилистикалық сауаттылықты арттыруға арналған «Озық ойлы ұлт» атты шығарма жазу байқауы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар «Ұлттық диктант» жобасы аясында білім ұясы басшылары диктант жазатын болады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Республикалық «Ұлттық диктант» жобасы негізінде білім беру мекемелері директорлары арасында «Сауатты басшы – сапалы білім кепілі» тақырыбында бірыңғай диктант өткіземіз. Мақсаты – мектеп басшыларының тіл мәдениеті мен жазу сауаттылығын арттыру, басшы тұлғасының үлгі боларлық деңгейін көрсету және ұжымда тілге деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Оқушылардың «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және түрлі тақырыптарда өз пікірін еркін білдіруге үйрету мақсатында «Сөз құдіреті» жобасы іске асырылады. Жоба аясында дебаттар, челлендждер, сөз сайыстары және түрлі байқаулар ұйымдастырылатын болады.