Енді жүк көліктері елдімекен ішінде сағатына 50 шықырым жылдамдықтан артық қозғала алмайды. 23 қарашадан бастап жол ережелеріне кіріктірілген бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Соның бірі - елдімекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді. Бұл шектеу жол белгілерімен нақты жылдамдық көрсетілген учаскелерге қолданылмайды.
Жылдамдықты төмендету – жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайтуға бағытталған. БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60–65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары. Сондай-ақ патрульдік көлік құралдары ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды. Мысалы: колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға немесе өздігінен тоқтауға тыйым салынады. Көлік тізбегіндегі көлік саны 10-нан асса, екі патрульдік көлікпен ілесіп алып жүру міндетті. М2 және М3 санатындағы барлық автобусқа жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді. Сондай-ақ жол парағын электронды түрде қолдануға рұқсат берілді. Визуалды қабылдауды жақсарту мақсатында барлық суреттер, жол белгілері мен жол таңбалары цифрландырылды.
АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
– «Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жаңартылған талаптарды оқып, жол жүріс ережелеріне сәйкес әрекеттенуді сұраймыз.»