10 күн ішінде полицейлер 55 келі синтетикалық есірткі тәркілеп, оған қатысы бар деген күдікпен 14 адамды ұстаған. "Заң мен тәртіп" қағидасын жүзеге асыру мақсатында ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарымен күрес бойынша мақсатты жұмыстарды жалғастырып келеді. Тек соңғы 10 күн ішінде полиция қызметкерлері әртүрлі есірткі қылмысымен айналысқан 14 күдіктіні құрықтаған.
Есірткіні жасырын қойып кетуші мен буып түюшіден бастап, ірі синтетикалық есірткі өндірушілерге дейінгі толық тарату арналары анықталып, жабылған. Шымкент қаласындағы мешіттердің маңында 38 жастағы ер адам ұсталды. Ол интернет-дүкенде курьер-буып, түюші ретінде жұмыс істеген. Ол синтетикалық есірткілерді еліміздің әртүрлі өңірлерінен, соның ішінде Алматы облысынан алып, жасыру арқылы сатқан. Ұсталған кезде ер адамнан 2 келіге жуық альфа-PVP тәркіленді. Шығыс Қазақстан облысында да жас жігіттен сатуға арналған 1 келіден астам мефедрон мен альфа-PVP тәркіленді. Тағы бір ірі көлемде есірткі сақтау дерегі Қарағандыда тіркелді. Жергілікті екі тұрғыннан көтерме бағамен өткізуге дайындалған 52 келіден астам альфа-PVP тәркіленіп, есірткі өндіруге арналған 1 тонна прекурсорлар алынды. Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
- Жалпы, соңғы он күнде заңсыз айналымнан 55 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Осылайша, заңсыз айналымға 165 мыңнан астам бір реттік дозаның таралуына жол берілмеді.