Қоғамда түйткілді мәселе көп — не істеу керек? Сықақшылар айшықты сауалға әзіл арқылы жауап іздеді. Думанды кеште саз бен әзіл қатар өрбіп, көрермен көтеріңкі күйге бөленді.
Әзіл мергендері ойнай жүріп ой салды, күлдіре жүріп күрсіндірді. Әр әзіл астарында бір мән, мазмұн жасырынған. Қоғам келбетін, келеңсіз тұстарын көркем түрде әжуалап, жағымсыз қасиеттерді сынға алды. Жасанды, жарасымсыз мінез-құлықтан аулақ болуға шақырды. Қойылым авторы Уәлибек Әбдірайымов сахналық көріністі алты ай құрастырған.
УӘЛИБЕК ӘБДІРАЙЫМОВ, ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ
– «Баласы ата-анасын тыңдамайтын, әсіре сілтеп кететіндер ғой қой. Соған не істеу керек деп ойладым да, өзімше осыған жауап іздеп көрейінші дедім.»
Қойылымды тамашалауға келген көрермен қарасы қалың. Езуге күлкі үйіріп, қошемет көрсетуден талмады. Шынайы эмоция танытып, сахна саңылақтарына шабыт сыйлады. Қойылымдағы кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-әрекеті көрерменге таңсық емес. Әртістер сахналық образдарды халық арасынан алған.
КҮННҰР ҚАЛМЫРЗАЕВА, АКТРИСА
– «Мен көбіне бұзық, бәлеқор әйелдердің рөлін сомдаймын. Бүгін де сондай рөлдердің бірін сомдаймын. Бірақ бұл бұзық болғанмен, ойға салатын, күлдіре отырып күрсіндіретін образ.»
Қойылым барысында ән де айтылды, әзіл де орындалды. Көрермен ыстық ықылас танытып, ерекше көңіл күймен қайтқанын айтады.