Қазір әп-сәтте арықтап, бір-ақ демде өңін өзгерткісі келетіндер аз емес. Алайда дәл осы асығыстықтың арты опық жегізіп, ажалмен аяқталып жатқанын жасыра алмаймыз. Жылтыр қорап ішіндегі жалған уәде мен көз арбайтын күмәнді дәріге сенген талай жан денсаулығынан айырылды. Тағатсыздықтың түбі түнекке апарады. Ал сауатсыздықтың соңы қайда жеткізеді? Тақырыпты әріптесім Аружан Самидин тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазір желіні аша қалсаң, жалған жарнамадан көз ашпайсың. Әр парақшада «сиқырлы шешім» ұсынып, өз өнімін мақтаған сансыз хабарлама төгіліп тұрады. Әсіресе артық салмақпен күресіп жүрген жандарға арналған бұл жарнамалар адам психологиясын дөп басып, торына түсіреді. Бірі «бір аптада мінсіз мүсінге жеткіземін» деп сендірсе, енді бірі өнімін «зиянсыз» деп ант-су ішеді.
Блогерлердің сөзіне сеніп, сергелдеңге түскендердің қатарында шымкенттік тұрғын да бар. «Бір аптада он келі тастайсың» деп құр уәде берген желі жұлдыздарының сөзіне иланған қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Көп ұзамай асқазаны шаншып, жүрегі айнып, тәбеті жоғалған. Жалған жарнамаға сеніп, денсаулығын қатерге тіккен тұрғын қазір бар қауіптің артта қалғанын айтады.
ЖАНАР (ЕСІМІ ӨЗГЕРТІЛГЕН)
Өзімде артық салмақ бар екенін байқадым. Құтылу жолдарын қарастырдым. Табиғи жолмен арықтау қиын болған соң белгілі блогерлер жарнамалаған дәрілерді қабылдауға шешім қабылдадым. Бір күні асқазаным ауырып, жүре алмай қалдым. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілдім. Сол дәріні қабылдағаннан кейін асқазан ауруым асқынғанын байқадым.
Дәрігерлердің айтуынша, ашық саудада жүрген бұл препараттар ағзаның табиғи жұмысын бұзып, асқазан мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Тіпті, соңы айықпас дертке әкелуі мүмкін.
НАЗЕРКЕ САПАРБЕКҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ
Кейбір капсулалардың ішінде 20–30 шөп құрамы болады және оларға минералды қоспалар да қосылады. Бірақ мұндай препараттардың науқас ағзасына қалай әсер ететінін білмейміз. Расында, құрамында қандай шөптің бар екенін ешкім дәлелдеп те жатпайды. Сондықтан дәріні дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдаған жөн.
Қоғамда «ғажайып» дәріні ішіп, қалаған нәтижеге қол жеткізіп жатқандар бар. Бірақ мұның уақытша құбылыс екенін түсінетіндер аз. Аузы күйген желі қолданушылары аздыратын препараттың теріс әсері туралы жарыса жазып жүр.
Менің құрбым бар. Арықтаймын деген мақсатта блогерлер жарнамалаған дәріні қабылдады. Күнделікті ішіп жүрді. Қазір қатты азып кеткен, ауруханада жатыр.
Бұл нәрсені мен құптамаймын. Денсаулық — адамға берілген аманат. Мұндай дәрілер кері әсер беруі мүмкін болса, қолданбаған жөн.
Арықтау керек болса, түрлі жаттығулар жасап азайған дұрыс. Дәрілер бір жағынан көмектескенімен, екінші жағынан денсаулыққа зиян.
Артық майдан арылғысы келетін қыздар түрлі әдіске жүгінеді. Бірі тағамнан тыйылып, физикалық белсенділік арттырса, енді бірі косметологиялық тәсілдерге сенеді. Бұл процедура май жасушаларын бұзып, екпе арқылы денені формаға келтіреді.
СҰЛУҒАЙША ҚАЛЕН, КОСМЕТОЛОГ
Жалпы липолитика әдісін бет пен денеге қолдануға болады. Келетін қыздар өте көп. Бірақ оның кері көрсеткіштері бар. Алдымен денсаулығына талдау жүргіземіз, бәрі дұрыс болса ғана екпе салынады. Бұл тәсілді 20 жастан асқандар қолдана алады.
Әрине, ғажайып дәріге сеніп-сенбеу - өз еркіңіз. Дегенмен салауатты өмір салты ғана кез келген дерттің алдын алатынын ескерген жөн.