Qyzgaldaq сарайында белгілі журналист, қоғам белсендісі Ғалымжан Елшібайдың шығармашылық кеші өтті. Жиында «Қаламға қонған құт» кітабының тұсауы кесіліп, таныстырылымы жасалды. Жинаққа әр жылдары республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда жарияланған зерттеу мақалалар, публицистикалық материалдар мен өлеңдер енген.
Тіршілігін тілшілікке арнаған азамат еңбек жолын «Төлеби туы» газетінде бастаған. «Шымкент келбетінде» шынығып, қаламын қайрай түскен. Ел танып, жұрт жақтаған журналисті «Жас алаш» аттай қалап, республикалық басылымда 20 жыл қызмет атқарды. «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерінің аймақтағы меншікті тілшісі болды. Бүгінде ол қазақ баспасөзінің жетекшісі саналатын «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейді.» Жарық көрген жаңа туынды сол ұзақ жылғы есіл еңбектің айғағы.
ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ, ЖУРНАЛИСТ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
– «Аудандық газеттен бастап Республикалық, қалалық, облыстық газеттерде жарық көрген өзімнің жазған мақалаларымның ішінен іріктеліп, сұрыпталып таңдалған дүниелер жарияланды.» «Күн тәртібінен түспейтін ұлттық мүдде, тіл, халық қамы сынды мәселелер де қамтылған.»
Ғалымжан Елшібай қоғамдық мәселелерге белсене араласып, айтарын іркіп қалмай, ірілік танытты. Шындықтың шірімейтінін дәлелдеп, ақиқаттың ақ туын желбіретті. Бүгінде ол қоғамдық түйіткілдерге үн қосып, шешілуіне мұрындық болып жүрген халық қалаулысы. Облыстық мәслихаттың депутаты. Есіл еңбек еленіп, жиын барысында тілші кеудесіне Қазақстан журналисттер одағының академигі төсбелгісі тағылды.
СӘКЕН СЫБАНБАЙ, «ПАРАСАТ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
– «Ғалымжанға риза болатыным ол жан-жақты. Әлеуметтік, мәдениет, тіпті спорттық мақалаларға дейін жазды. Осы ізденімпаздығының арқасында осы деңгейге жетті деп білемін. Қазір ол тек журналист қана емес, қайраткер деңгейіне дейін жетті.»
Елім деген ерді ел де елеусіз қалдырмады. Иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Игі істерін жіпке тізіп, еңбектерін санамалады. Зиялы қауым өкілдері мен әріптестер туынды жайында пікір білдіріп, оның руханиатқа қосар үлесін алға тартты.
ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
– «Ғалымжан өткір мәселелерді көре біледі. Елдің көкейінде жүрген, жұрттың жанына батқан халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде көтере біледі.»
Кеш барысында 50 жасқа толған журналисті әріптестері мен зиялы қауым өкілдері құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Тұсауы кесілген туындының мазмұны мен мәніне тоқталып, оқырманға берер пайдасын атап өтті.