Жапонияның Токио қаласында өткен сурдолимпиада ойындарында ұлттық құрама толағай табысқа жетті. Ел еншісінде 6 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль бар. Додада түркістандық спортшылар да топ жарып, ел мерейін үстем етті. Жеңімпаздарды жанкүйерлер Түркістан әуежайынан күтіп алып, құрмет көрсетті.
Дзюдодан 73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қуандық Шадияр чемпион атанды. Шашасына шаң жұқырмаған жүйрік қарсыластарын мойындатып, иығын жер иіскетті. Жарысқа жылдар бойы дайындалған спортшы: «Бұл менің емес, маған сенім арта білген дүйім жұрттың жеңісі», – дейді.
ҚУАНДЫҚ ШАДИЯР, СУРДОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ
– «Төрт белдесу өткіздім, төртеуінде де жеңіп шықтым. Маған сенім артып, қолдау білдірген барша тілеулестерге алғысым шексіз.»
Ал -100 кг салмақ дәрежесінде күрескен Тоқтарбек Айдарбек финалға дейін сенімді қадам басып, шешуші сында ғана қарсыласына жол берді. Негізгі себеп – спортшының жарақаты. Алайда азуын айға білеген спортшы қайратын қайта жиып, командалық сында дәл сол қарсыласпен қайта белдесті. Бұл жолы Тоқтарбектің асығы алшысынан түсті.
ТОҚТАРБЕК АЙДАРБЕК, СУРДОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
– «Жарақатым бар болатын. Сол кедергі келтіріп жеңіліп қалдым. Алайда ертесіне жеңімпаз атандым.»
Жеңімпаздарды жанкүйерлер Түркістан әуежайында қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен спортшылардың туыстары күтіп алып, құрмет көрсетті.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Ұйқысыз түндердің, есіл еңбектің нәтижесі. Елдің абыройын одан әрі асқақтата беріңіздер!»
Айта кетейік, ел қоржынына салмақты олжа салған екі спортшы да облыстық ерекше жандарға арналған «Сауран» спорт клубының тәрбиеленушілері.